«Егер сіз әшекей бұйымдарға қарап тұрып,
алтын мен қымбат тастар, бедері мен тегістігін ғана көрсеңіз,
зергерлер одан толық бір тарихты көре алады».
Джованни Лоренцо Бернини
Уақыт өзінің күшімен жойып қана қоймай, сыр сандығында сақтап қалған қазыналарын ашып, өзінің құпияларымен адамзатты таң қалдыруын тоқтатар емес. Оның жер анаға жасыра жыйған дүниелері өте көп. Ізденсітен жалықпаған адам баласы өткенді зерттеу арқылы, жарқын болашаққа қадам басып келеді. Өмір қорғану мен сақтанудан басталса, басты рөлде әрине біз «адам» — жан мен тән. Тәнді қорғау арқылы жанды сақтау үшін пайда болған кішкентай заттардың өзі үлкен өнер жолын ашты. Ол сәндік қолданбалы өнердің ерекше бөлігінің бірі – зергерлік өнер. Әр ұлттың шеберлігі мен дәстүрін сипаттайтын бай қазына.
Біздің еліміздің тарихында үлкен орын алған зергерлік өнер жолы сақтардан аң бейнелерін, ғұндардан геометриялық, үйсіндерден полихрониялық стильдерін сақтап, ислам діні әсерін де ою-өрнектері арқылы осы күнге дейін жеткізген. Көшпелі өмір салтына қарамастан, арнайы әшекейлер жасайтын цехтары болмаса да, ерте заманнан бастап зергерлердің өз шебер орындары болған. Отын жағып, ошақ жасап, шағын шеберханасын ерекше киелі ортаға айналдырған. Ол жерде жаман ойдан арылып, қатты сөйлеуге, ашулануға болмайды деп, тіпті зергердің құрал-саймандарынан да аттап жүруге рұқсат етілмеген. Яғни, рухани тазалықты сақтаған. Шебер адамдарды “тәңірдің өзі жіберген іс істеуші” деп, оларға халық аса құрметпен қараған. Бұйымдарды жасау барысында әр затқа өзіндік бір күш, қасиет беріледі деп те сенген. Жасалынған заттар мен қолданылатын материалдардың түрлеріне қарай шеберлерді темірші, сазгер, ағаш оюшы т.б. атаулармен атаған. Ал ХІХ ғасырдан бастап барлығын «ұста» деп бір сөзбен атап кеткен. Солардың арасындағы ең күрделі де аса шыдамдылықты қажет ететін де бұл зергерлік өнер. Зергер қолданатын саймандар саны екі жүзден асқан. Ал жасалтын әшекей бұйымдары бағалы металдар мен тастардан туындаған. «Зер» — парсы тілінен аударғанда «алтын», «алтын әшекей» деген мағынаны білдіреді. Алтынмен бірге ең жиі қолданылатын металл ол күміс болды. Ай жарығына теңестіріп, оның тазалыққа әсер беретін қасиетінің бар екенін білген қазақ халқы, ертеден күміске байланысты арнайы ырымдарды да ұстанып отырған. Тіл көзден сақтау, зұлымдықтың сырттан келетін күштерінен қорғау, сонымен бірге оны байлыққа және бақытқа кенелту идеясынан барып бағалы тастармен де безендірген. Қазақ әшекейлерінде олар «тас» немесе «көз» деп аталады. Мұндай салыстырулар кездейсоқтық емес, орнатылған тастар бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде қабылданып, онда сиқырлы күш бар деп саналған. Барлық шығыс халықтарында тастарға ғажап қасиеттер таңылған. Мысалы, фирюза жүректі күшейтеді, үрейден арылтады, жауларды жеңуге көмектеседі деп есептелген. Інжу көздің шелін кетіреді, янтарь зобты емдейді, фирюза бақыт әкеледі деген пікір қалыптасқан. Ақық ерекше кең тараған, өйткені ол игілік пен қуаныш тасы деп саналған. Бұл тас әшекей үшін ғана емес, сондай-ақ, көз тиюден қорғайтын тұмар ретінде де қолданылған. Оларды өңдеу кезінде табиғи түр-түстерін сақтауға тырысқан, жылтыратып, әсемдеп байлықты көрсетуге тырыспаған. Ең басты мақсат ол адамды қорғау күшінде еді. Қазақстанның әр аймағында өз стилімен ерекшеленген бұйымдар дайындалған. Батыс өңірінде ірі көлемді, геометриялық формаларымен сипатталып келсе, Оңтүстік Қазақстан полихромды, тастардың түрлі болуымен, Солтүстік аймақтағы бұйымдар салпаншақ, жіңішке сымдармен тоқылған филиграньды, көп тастардың жиі орналасуымен ерекшеленген, ал Орталық және Шығыс Қазақстанда нәзік бедерленген суреттері бар құйма, қалыпталған, тегіс әшекейлер басты орында болған. Оларда кездесетін өрнектер композицияларының өзі терең мағына беріп, адам жасы мен жынысына, лауазымына, шыққан тегіне байланысты арнайы тапсырыстармен туындап отырған. Еліміздегі көптеген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған әшекейлердегі түрлі техникалық тәсілдердің қолданылуы мамандарды әлі күнге дейін таң қалдыруда. Олардың шеберлігінің көптеген құпиялары біздің күнге дейін сақталмаған. Сондықтан әшекейлер жасау техникасы жөніндегі мәселе күрделі болып табылады және ол қазіргі заманғы зергерлердің анықтауы бойынша ғана түсіндіріледі.
Атадан балаға мұра болып сақталып келе жатқан, осындай бай дәулеттің бір көрінісін біздің музей экспозициясынан да тамашалай аласыздар. ХІХ — ХХ ғасырлардағы белгісіз шеберлердің туындылары. Олардан зергерлік бұйым түрлерінің шағын бір бөлігін көре аласыздар. Әшекей түрлері мен дәстүрлі мағыналары туралы тереңдеп тақырыпты әлі де жалғастыру біздің еншімізде. Ол да келешекте қызыққа толы тақырыптардың біріне айналмақ.
Орындаған: кіші ғылыми қызметкер Жакеева Г.О.