Новости

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қаламыздың қолөнер шеберлері шығармашылықтарына саяхат» атты кезекті  шығарылым.

 

Халық арасында сақталған дәстүрлі қолөнеріміздің бай мұрасы, өткен ғасырлар өркенитімен байланыстыратын ұлттық болмысымыздың жарқын көпірі іспетті. Ежелден қалыптасқан дәстүрлі қолөнер түрлерінің қайсы бірі болмасын көшпелі шаруашылық сұранымын қанағаттандыру жолында, табиғи өнім түрлерін дұрыс ұқсата білудің қарапайым әдістері деуге болады. Әсіресе ерлер кәсібінде қару-жарақ соғушы ұсталармен қатар сәнді металл өнімдерін дүниеге әкелуші зергерлердің де ұлттық өркениетімізде өзіндік орны бір төбе. Олардың осы күндері өз сұранымын жоғалтпай қолдан-қолға өтіп келе жатқан мәдени сабақтастығын еліміздің әр түкпірінен сезінетініміз рас. Өз заманының атадан балаға жеткен мұндай дәстүрлі өнер үлгілері, әсіресе киелі Шығыс өңірі мәдени өркениетінен байқауға болады. Байырғы төл өнеріміздің сарқытын сақтап, тарихи-мәдени сабақтастық жолында өнегелі кәсіп тұтқаларын ұстанған, Абылайхан Асылбай, Мадвақас Мырзақанов және ағайынды Мұқажановтар есімдерін зергер ұста ретінде есімдерін жиі естиміз. Қазіргі таңда олардың қолдарынан шыққан зергерлік металл өнімдері материалдық мәдениетіміздің дәстүрлі жалғасы десек артық айтпаған болар едік.

Осы күндері ұлттық әшекей бұйымдардың сан қилы заманауи нұсқаларын жасау жолында, халық сұраныстарымен біршама тапсырыстарын тыңғылықты орындап келе жатқан ағайынды Мұқажановтардың зергерлік өнер туындыларын атап өтуге болады. Ағайынды Мұқажановтар ата- бабаларынан мұралық жолмен берілген зергерлік өнерін осы күндері Алматы және Семей қалаларында кәсіби тұрғыда жалғастырып келетіндігі көпшілігімізге мәлім. Олардың арасында Шығыс өңіріне есімі аян бессаусақ өнер иесі Мұқажанов Жармақ Зарубайұлы. Тумасынан салмақты, әрі бірсыдырғы шебер, көпшілігімзге алдымен зергерлік қырымен көбірек таныс. Ал шебердің өнер жолына тереңірек үңілер болсақ оның сәнді-қолданбалы қолөнершілікте ағаш, сүйек, тері ұқсату өнерлеріндегі бірқатар еңбектерімен танысуға болады. Бала кезден ата, әке тәрбиесінде қолөнердің қарапайым үлгілерін көріп өскен болашақ шебер, аталмыш өнер салалары бойынша ешқандай арнайы білім алмай-ақ жан-жақты қолөнер түрлерін оңай игеріп кеткендігін алға тартады. Жарма аудандық орта мектебінен кейін Семейдегі байланыс училищесінен білім алған Жармақ Зарубайұлы, 90 шы жылдарға таман осы қолөнершілікпен түбегейлі айналысуға бел буған. Өнегелі өнер тұтқасын бекем ұстанған қолөнер шебері, қандайда бір қолөнер бағыты болмасын халықтық дәстүрлі технология әдісімен орындағанды жөн санайды. Ал қолға алған әрбір өнер тапсырысын, не шығармашылық туындысы болмасын межелі уақытында аяқтамай тынбайтынын сөзге тиек етеді. Жармақ Зарубайұлы сәнді қолданбалы қолөнерде металл өнімдерінен зергерлік бұйымдар жасау тәсілін өз ағасы Амангелді Мұқажановтан үйренгендігін айтады. Болмысынан талғампаз әрі салмақты мінезді қолөнер шебері, өз ұстанымына сай өнер жолын дұрыс таңдағандығын эстетикалық жинақылықпен орындалған әрбір зергерлік бұйымдары дәлелдей түсетіндей бір сыдырғы. Шебердің төл туындыларының басым бөлігі, әсіресе ұлттық нақышта орындалған, бесбілезік, алқа, сырға, сақина әшекейлерінің дизайндық түстік фактуралары көбінде күмісті химиялық жолмен қарайту әдісімен орындалатындығын көреміз. Бұл шебердің әшекей жасаудағы өзіне тән қолтаңбасын байқатады. Бұл жерде шебер зергерлік бұйымдарды өрнектеп, асыл тастармен безендіру дизайны көбінде тапсырыс берушімен шебердің ортақ талғам ұсыныстарына сай шешіліп отыратынын айтады .

Қазіргі таңда шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бірегей бұйымдардың біразы, өлкеміздің талғампаз қыз-келіншектердің әшекей қобдишаларында сақтаулы деуге болады. Шебердің дәстүрлі көзқарасты ұстана отырып ұлттық нақышта орындалған Сәукеле баскиімі, Семей қалалық өлкетану музейің экспозиция төрінен орын алғандығын көреміз. Жармақ Зарубайұлы зергерлік бұйымдардарының арасынан тарихи көзқараста орындалған«кісе белбеу» және қынды қылыш қаруын кездестіруге болады. Шебер, мұндай дүниелерді жасауда және безендіруде көбінде мелхиор, жез, мыс, күміс секілді түсті металдар түрлерін қолдануға болатынын айтады. Шебердің дайындаған қылыш, қылыштың сабы және қылышқа арналған қын қаптамасы және оған бекітілген қайыс ұстатқылары, түрлі техникада жасалғанын көреміз. Әсіресе оларды сәндеп безендіру тәсілінде нығыз зергерлік жұмыстың сатылап орындалуын байқаймыз. Яғни, таңдап алынған металл жұқартпаларына өрнектер түсіру, пішініне сай қаптау, жонып- әрлеу және түрлі тастармен безендіру тәсілдері өзінше бір төбе. Шебер, мұндай ұзақ әрі күрделі технология әдісімен қажетті бұйымдарды өмірге әкелу, өнер иесінен ең алдымен үлкен еңбекқорлықпен асқан төзімділікті қажет ететінін ескертеді. Жармақ Зарубайұлының жұмыстары арасынан арнайы тапсырыс бұйымдарынан бөлек жеке шығармашылық жұмыстары да баршылық. Мысалы биіктігі 20 сантиметрлік жез құймасынан орындалған «Қобыз» атты шығармашылық жұмысы дала музыка өнерінің символы іспетті. Яғни туындының мойын пернелерін бойлай өрмелеген өсімдік тектес өрнектерінен, әуелі музыка сарыны естіліп тұрғандай әсерлі. Ал әшекей бұйымдарының арасынан «Өмір», «Мәңгілік» және «Көктем» атты шығармашылық жұмыстарын кездестіруге болады. Олардың әр қайсысы тақырыптарына сай философиялық пішіндерді әрі өзіндік қайталанбас бірегейлігімен ерекше. Ал ондағы орнатылған аметист, сердолик сияқты бағалы тастар, туындылардың түстік ажарын ашып өзінше үйлесімділігімен толықтырып тұрғандай.

Осы күндері сәнді- қолөнер шебері Жармақ Зарубайұлы өзінің «Мұқажан» ЖК зергерлік орталығында халық тұтынымымен тапсырыстарына сай өз шығармашылығын өз деңгейінде дөңгелетіп келеді. Әсіресе зергерлікпен дәстүрлі өнер үлгілерін сақтап, қайталанбас авторлық өнер туындыларын дүниеге әкелуімен өз тарапынан ұлттық қолөнердің жандануына зор үлес қосып келетіндігі көңіл қуантады. Алдағы уақыттары Мұқажанов Жармақ Зарубайұлына шығармашылықта тек табысты болып, еліміздің Рухани жаңғыру және мәдени өркендеу жолындағы қосқан үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Мұқажанов Жармақ Зарубайұлының өнер жолында жеткен жетістіктерінен қысқаша мәлімет:

2005,2008,2010,2013 жылдар аралығы, Алматы қаласында өткен «Қолөнер кәсібі, Орталық Азия көрме-жәрмеңкесінің» тұрақты қатысушысы;
2014, 2015,2016, 2018 жылдар аралығы, Семей қаласында өткен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, аймақ қолөнер шеберлерінің «Қазақ қолөнері мерекесі» атты II, ІІІ, ІV, V — фестивальдарының тұрақты қатысушысы.
2012, 2014 жылдары, Астана қаласында өткен «Хан шатыры СКО», «Астана төңірегіндегі мың жылдықтар» атты көшпелі өркениеттер фестивалі шеңберінде ұйымдастырылған қолөнершілер кәсібі көрмелерінің тұрақты қатысушысы; Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі;
2018 ж. «Руани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «ШҚО Қазақстан халқының мәдени мұрасы» жобасы аясында, халықаралық «Асыл мұра» дәстүрлі қолөнершілер фестиваль — көрмесінің қатысушысы;
2018ж. ҰОС Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы шарасын мерекелеу қарсаңында ұйымдастырылған қолөнершілердің V-ші аймақтық «Шығыс кәдесыйлары» атты көрме-жәрмеңкесінің белсенді қатысушысы;
2021ж. ҚР 30 жылдығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ШҚО Архитектура-этнография және табиғат-ландшафты музей қорығының ұйымдастыруымен өткен «Шығыс кәдесыйлары» атты республикалық конкурысының жеңімпазы және «Инновациялық жаңашылдығы» Номинациия және Диплом иегері.