Бейнелеу өнері ұлттық мектебінің негізін қалаушылардың бірі — Салихитдин Әбдісадықұлы Айтбаев 1938 жылы 15 ақпан айында, Қызылорда жерінде дүниеге келген. Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихында «Алпысыншы-жылғылар» деген атау өзіндік бір із қалдырды. Атаудың өзі-ақ айтып тұрғандай, бұл ХХ ғасырдың 60 жылдары еді. Бір топ жас суретшілер ұлттық кескіндеме және бейнелеу өнері мектебінде постимпрессионизм мен монументалистік бағыттағы батыл ойларымен таныла бастады. Осындай топтың өршіл көшбасшыларының бірі болған, суретші Салихитдин Айтбаев Алматы көркемсурет училищесінде 1956-1961 жылдары оқып, Ү.Әжиев, М. Кенбаевтай танымал қылқаламгерлерден білім алған. 1966 жылы КСРО жас суретшілерінің бүкілодақтық көрмесінде «Бақыт» атты картинасымен кеңінен танымал болады. Мексикалық атақты суретшілер Диего Ривера және Альфаро Сикейрос, француздық Сезан шығармашылықтарына қызығушылық таныта отырып,олардың ізбасарларының біріне айналып, қылқаламгер өзіндік ұлттық мәнердегі туындыларын дүниеге әкеледі. Сол кезеңдегі қатал стильді ұстанған шебер көлемді дақтармен кенеп беттерінде отбасы, ауыл, туған жер сияқты, тағы да басқа дәстүрлі тақырыптарды қозғайды. Мысалы, «Бақыт», «Жас қазақтар», «Қонақ келді» деген шығармалары ел арасында өте танымал. Тіпті қазіргі күні де бұл туындыларды көптеген баспа иллюстрациялардан кездестіре аламыз.
Ал біздің музей қорында кескіндемешінің «Медина портреті», «Медресе. Хива», «Киіз үй алдындағы қыз» т.б. бірнеше туындылары бар. Соңғы аталған туыныдысына назар аударсақ, ең алдымен жанарымызды көк пен қызыл түстердің үйлесімі жаулайды. Екіншіден, кішкентай қыздың жанарынан ішкі жан дүниесін сезіне аламыз. Бейтаныс адамды көріп қалып, бір жағы ұялып, бір жағы мұңайып тұрғандай күйде. С.Айтбаевтың көптеген образдары дәстүрлі нақышта салынғанымен, киім үлгілері көбінде нейтралды көріністе қалады. Қай заманның үлгісіндегі киімдер екенін нақты ажыратып айта да алмайсың. Кешегі күні де суреттелінген образ іспеттес. Ауылдағы әжесіне қыдырып келіп, қаладағы ата-анасын сағынып тұрғандағы мұңы ма әлде? Қалай қиялға салып сипаттасақ та, нақты да батыл штрихтар мен суық түстерді қолданған суретші, қыз баланың нәзік те сүйкімді бейнесін жеткізе алды.