Атамекен. Бабалар жері. Ана тілі. Бірін-бірі толықтырып тұрған осы үш сөздің астарында ата-бабалардың тарихы жатыр. Халық шежірелерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде қаламгерлер мен қылқалам иелерінің еңбегі ерен. Сондай халық адамдарының бірі тамаша кескіндемеші, график, иллюстратор, кино суретші Сахи Романов. Қазақстанның көркемсурет және театр өнерінің қарыштап дамып тұрған 60-жылдары Сахи Романовтың да шығармашылығы шалқыған кезең еді. Аты аңызға айналған Шәкен Аймановпен бірге «Қазақфильм» киностудиясында оннан астам көркем және деректі фильмдерге декорация мен киім-кешек нобайларын сызды. Атақты «Алдар көсе» және «Қырық өтірік» т.б. туындыларға иллюстрация жасай отырып, ұлттық бейнелеу өнеріне ұшан теңіз үлес қосты. Алты жасынан тұл жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген жанның өмірден месі қайтып, өкпесі қара қазан болған жоқ. Керісінше ол ашық-жарқын, өмірге құштар бойында әртістік қабілеті бар, музыканы сүйетін жан болды. Сондықтан болар алыс армандарға, үкілеген үмітпен қол созды. Автор туындылары мазмұны бай, баяндалуы нақты, тек өзіне тән айшықты қолтаңбасымен өмірге деген терең көзқарасымен ерекшеленді. Оның творчестволық ізденімпаздығына түрлі жанрдағы алуан техникамен көрерменін көзайым еткен тамаша жұмыстары куә. Осындай бірқатар кескіндеме және графикалары біздің мұражайымыздың құнды жәдігерлері. Солардың бірегейі «Ата-бабалар жері».
Сахи Романовтың замандасы, поэзия әлемінің ақиығы Мұқағали Мақатаев:
Қанеки, нелерің бар, аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын
— деген өлең жолдарында ата-баба мен ұрпақ арасын жалғастыратын алтын көпір тұрғандай.
Суретшінің «Менің аталарым» картинасы көп фигуралы композиция. Қазақ халқы үшін көнекөз ақсақалдар бүкіл ауыл-аймақ үлгі тұтатын. Жастар ата батасын алмай сапарға шықпаған, ешбір маңызды іс бастамаған. Қазақ үшін ақсақал ол бір құзар шыңды, биік ақылгөй дана, мөлдір дариядай таза, иман мен өнегенің символы іспеттес еді. Қазақта «Ата-балаға сыншы» деген мақалдың астарында тоқсан түрлі тарау жатыр. Ешқандай ілім-білімсіз, жұлдыз -жорамалсыз, психолог, психотерапиясыз ұрпағын адам болуға еңбекпен тәрбиелеген. Мәселен, аңшылық, құсбегілікпен айналысу, сәйгүлік жарату, мал төлдету, қайыс илеп ертұрман әзірлеу, шідер өру…Жаз жайлау, қыс қыстау көшіп қазақ үй жығып, оны тігу…Табиғат құбылыстарына, жан-жануарларға қарап түрлі істерді болжау…Жамбы атып, теңге алып, көкпар тарту…«Өнегелі жердің ұрпағы» дегізіп, үлкеннің алдын кесе көлденең өтпеу…Ән салып, күй шертіп, темірден түйін түйген зергер етіп өсіру ата-бабамыздың тәлім-тәрбие мектебі еді. Қазақ тірі түгілі сүйегі ежелде қурап қалған аталарын пір тұтып, жеті атасын жаттап, солардың аруағына табынып құран бағыштаған. Міне, осылардың барлығы Сахи жұмысындағы аталар бейнесінен көрініс тапқан. Ертұрманы дайын көпшілік, алысқа көз тігіп, әлдебір маңызды хабарды тағатсыздана күтіп отырған сияқты. Сурет сыры аталардың қатпарлы бетіндегі әжімдері мен күмістей ақ сақалдары мейірімге толы ойлы көздерінде жатыр. Бастарындағы бөріктері мен айыр қалпақтары, бәлкім «Қазақ пен қырғыз бір туған» деген тұжырымның дәлелі болар. Жауырындары қақпақтай қомдана киінген киімдерінің бүрісін суретші шебер көрсете білген. Ақ парақ бетіне фломастермен салынған графика түрлі бояуды еш қажет етпей-ақ, ақ пен қара түстің толық үйлесімін құрап тұр.
Сөз зергері Ғабит Мүсірепов ұзынқұлақ жайлы былай деген екен: «Қандай хабар болса да Орынборға жетуі мұң, одан әрі шексіз-шетсіз қазақ даласына ұзынқұлақтың өзі алып кетеді. Телеграммалар кешігеді, пойыздар кешігеді, уәкілдер кешігеді.Ұзынқұлақ ондайды білмейді. Кейде тіпті Орынбордың өзі орта жолда қалып, Москва, Париж, Лондон хабарлары атқа, түйеге мінгесіп алып даланы шарлап кетіп бара жатады». Бұл анықтама автордың «Ұзынқұлақ» картинасы атауына толық сипат беріп тұрғандай. Ұшы қиырсыз жазира даланың тұрғындары ғасырлар бойы көшіп-қонып ғұмыр кешкендіктен, алыстағы хабарды осы ұзынқұлақ арқылы алғызып отыратын. Қазақи асып-саспайтын, жайсаң мінез жайбарақат, ұзынқұлақ жылдам еді. Абай өлеңдерінің бірінде «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дегені осы ұзынқұлақты меңзесе керекті. Ұзынқұлақтың құсни сәлемдері ел арасына самал желдей еркелей есіп жететін. Ауыл ақсақалдары ұзынқұлақтан келген әлдене жаңалықты ұйып тыңдауда. Бірі таяғына, бірі тізесіне таяна әңгімеге құлақ түрген. Енді бірі жүрелей отыра кетіп тыңдауда. Қалай дегенмен бұл жерде жаңалықтың жағымды екендігін ақсақалдардың езу тарта жымиған мейірімді көздерінен көреміз. Бабаларымыз ұзынқұлақты өсіріп айтса да еш өтірік қосып айтпаған сөз киесі ұрады деп арасын бөтен сөзбен лайламаған. Ұзынқұлақ ұнамады ма, әлде бұл істе шаруалары жоқ па, әйтеуір жүздерін теріс салып әңгімеге араласпағандары тағы бар.
Абайдай дана тәрбиелеген Зере әже, шоқтығы биік Шоқанды ғалым еткен Айғаным әже сынды немересінің рухани әлемінің биік болуына ықпалын тигізген қазақта небір асқақ әжелер бар. Сурттегі әже болмысында бойында жылулық пен қаталдықты, ұстамдылық пен өр мінезді байқаймыз. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген» деп, Бауыржан Момышұлы жоғары баға береді. Сахи Романның да бейнелеген әжесі осындай әжелердің бірі еді. Кең маңдайлы әжімін ала бере ақ самай шаштарын, омырау тұсы мен желкесін көмкере жапқан қасиетті кимешек көзге ыстық басылады. Сапты аяқтың сыны кетсе де сыры кетпеген әжейдің биязы иман жүзі көрерменді елжіретіп жібереді. Қазақ қоғамының әулетін тура жолдан тайдырмай келінді шеттетпей, немерені бауырға басып, баласын дұрыс тезге салған қазақ әжесінің бейнесін суреттеді. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді берік ұстанып, өнеге болған қазақ әжесі. Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат түсініктерін әже немере құлағына құйып өсіреді. Бесікте жатқаннан-ақ тамырын жайған тәрбие әже мен немере арасында нәзік байланыс орнатады. Еңкейген белге қарамай немересін арқалап келе жатқан көріністі автор «Қонаққа» деп атапты. Әжесі тойдырған айран мен бауырсақ иісі мүңкіген қазақи пошымдағы томпиған немересін Сахи тентектеу етіп, ерінін дүрдитіп салыпты. Қазір олар қонаққа келеді. Әжесі немересінің әр қылығын жыр етіп, тентектігін жасыра, тәттілігін асыра мақтайды-ау келіп… Ал іңір түскенде күні бойы белі жаздырмай шаршаған әже, таяқты тал етіп шапқан құлыншақ немере сілесі қатады-ау дерсің. Жо-жооқ олар бірден ұйқыға кетпейді, киіз үй сыртындағы түрлі әуенге басқан жәндіктердің дауысымен ілесе айтатын «Ерте, ерте, ертедесі…» тағы бар.Міне, жетімдер үйін паналап өскен Сахидың сол кездегі арманы осы екі кейіпкердің қылығы ма екен? Бұл шығармаларды жазып отырып ол ата батасын қиялдап, әже мейіріміне шөлдеген болар. Бойында күш-жігер, намыс пен қайрат, шаттық пен шабыт қатар өрілген суретшінің қылқаламынан туған осы бір туындылар, оның асқақ арманының, өкініші мен сағынышының, ой толғаныстарының белгісі болар бәлкім.
Дайындаған: «Ағарту және маркетинг бөлімі жұмысының» қызметкері Муратбекова Арайлым Бейсенқызы