Сән және қолданбалы өнер – сән өнерінің бір саласы, тұрмыс қажеттілігінен бөлек, көркем де әсем дүниелерді өмірге әкелетін шығармашылық өнер түрі. Сән және қолданбалы өнер келелі өндірістік, технологиялық міндеттерден бөлек өз дәуірінде дамыған өнер мәдениетінің дәрежесіне тәуелді бола отырып, заман жаңашылдығына сай түлей түсетіндігі белгілі. Бұл тұрғыда әрбір қолөнер туындылар өз заманының материалдық мәдениетінің даму үлгісімен әлеуметтік жағдайаттарға сәйкес өз деңгейіне көтерілетіні және бар. Сол секілді заманауи стильге ие, бірақ шығу төркіні сонау ертеректен бастау алатын қолданбалы өнер түрінің бірі — папье-маше. Бұл техникамен әзірленетін қолөнер бұйымдары өзіндік сан алуандылығымен ежелгі Қытай, Үнді, Жапон және Франция қолөнерлерінде сонау ертеректен өзіндік даму деңгейіне жеткендігін өнер тарихынан байқай аламыз. Қағаз және сұйық желім қоспаларынан құралған қарапайым әрі қол жетімді бұл шикізат массасы, шеберлер үшін түрлі пішіндерді өз қалауларынша түрлендіріп келтіре алуларымен өте ыңғайлы әрі сапасы жағынан өте берік болатындығымен өте тиімді және кең таралымда.
Осы техника төңірегінде өзіндік қолтаңбасы бар қолөнер шебері, дизайнер әрі ұстаз Өмірбаева Фарида Сүлейменқызы шығармашылығы туралы айтып өтуге болады. Оның осы техникада әзірленген түрлі пішіндердегі құмыра құтылары өте нәзік әрі шынайы үлгіде пішінделе орындалуымен көз тартады. Бірі дөңгелек, бірі сопақ қалпында бой түзеген бұл туындылар көрген көзге бір қарағанда қыш құмыралардан еш айырмасы жоқ, өзіндік этно-композициялық шешімін тапқан орта ғасырлық сарынды көз алдыңа елестететіндігі бар. Әсіресе шебердің туындыларға ұлттық нақышта декупаж әдісімен әрлеу стилі өте ерекше. Яғни, таңдалған жылы түстер туынды формасын толықтыра түсіп, автордың көздеген идеясын нақтылай түсетіндігімен өте ұтымды. Бұдан біз шебердің бейнелеу шеберлігінде бояу, декупаж әдістерін жетік меңгергендігін байқаймыз.
Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу елді-мекенінің тумасы Фарида Сүлейменқызы жалпы қазақи қолданбалы өнер түрлерінің сан қырын сонау бала кезден Қызылгүл әжейдің нағыз қазақи тәрбиесінде жүріп, қол сүзгісінен өткізіп, бойына сіңіріп өскен екен. Әжесі Қызылгүлді өз кезінде ауылындағы көпшілік жұрт бессаусақ шеберлердің бірі ретінде мойындаған деседі. «Жүн түтіп киіз басу, жіп иіріп тоқыма тоқу секілді өнер түрлері сол кездері күнделікті үйреншікті тіршіліктеріміздің бірі болатын, ал жүндерді жуып, бояу, сабау сияқты процесстер біздер үшін топ қыздардың жарыса ойнап жүріп тындырып тастайтын істеріміз еді. Ал ауылдастар арасында бір бірімен бәсекелесіп киіз басу процесстері, көршілермен қоянқолтық араласуымызға әрі бір бауырдай жақын болуымызды арттыра түсетін керемет бір үрдіс болатын» — деп еске алады Фарида Сүлейменқызы.
Фарида Сүлейменқызы өз білімін Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде болашақ ұстаз мамандығымен аяқтап, кейін нағыз шығармашылық жолына өмірдегі әрі өнердегі жолдасы Арқат Дүйсенбайұлын жолықтырумен өз жалғасын тапқандығын жеткізді. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, шебердің өнердегі ұстазы әрі серігі бола білген Арқат Дүйсенбайұлы ШҚО бойынша қолөнерде өзіндік қолтаңбасы бар алдыңғы қатарлы шеберлердің бірі. Қазіргі таңда көптеген айтулы көрмелерге бір кісідей бірлесе қатынасып, біраз жетістіктерге қол жеткізген сәнді қолданбалы өнер иелері ретінде көпшілікке есімдері таныс. Қазіргі таңда шеберлер жанұясы, өнегелі өнер үлгілерін өлтірмей жетілдіріп осы күнге дейін қажетті деңгейде сақтап дамытып келетіндіктері көңіл қуантады.
Фарида Сүлейменқызы, жолдасы Арқат Дүйсенбайұлының қолға алған «Таңба» атты жеке кәсіпкершілігінде осы күнге дейін сенімді кеңесшісі әрі дизайнер болып жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда Фарида Сүлейменқызы, нағыз әйел затына лайық нәзік те әрі көркем қолөнер туындыларымен қалалық, облыстық және республикалық жоспарлы көрмелерге қатысушы әрі түрлі номинациялар бойынша жүлдегер атанған, өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесі ретінде танымал. Атап кетер болсақ: 2008, 2009, 2016 жылдары Алматы, Астана қалаларында өткен Қолөнершілер кәсібінің Орталық-Азиялық «Керуен-Сарай» атты көрме-жәрмеңкелеріне қатынасып, қазақ қолөнершілерін қолдаушы, шебер, Ырзат Тұрсынзада ханымның арнайы сыйлығының иегері атанған; 2013, 2014 жылдары СКО Астана, «Хан-шатыр», «Астана төңірегіндегі мыңжылдықтар» атты көшпелі өркениеттер фестивалі шеңберіндегі қолөнершілер фестивалінің тұрақты қатысушысы; Сонымен қатар, 2014, 2015, 2016, 2018 жылдары Семей қаласы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған «Қазақ қолөнер кәсібінің мерекесі» атты II, ІІІ, ІV, V- фестивальдарына үздіксіз қатысып, көптеген алғыс хаттарға ие болған. Әсіресе шебер, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әр түрлі ұлттық нақыштағы киіз паннолармен қатар этно-стильді құмыралар коллекцияларымен қатынасып, көпшілік көрушілерін таңдай қақтырған кездерін ерекше еске алады.
Ұлттық өнерімізді осылайша паш ету жолында халықтың көзайымына айналған Фарида Сүлейменқызы, көптеген жобалық ұсыныстар мен арнайы тапсырыстармен де жұмыстар жасаған екен. Шебердің ерекше ықыласпен еске алатын тапсырыстарының бірі Семей қаласы «Ер Төстік» балабақшасына арнайы үш түрлі папье-маше техникасында керемет жұмыстар жасап өткізгендігін тілге тиек етті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — дегендей, Фарида Сүлейменқызы 2018 жылдан бастап, «Жастар шығармашылық сарайында» қыз балаларға арнайы қолөнер үйірмесін қолға алып, сонда шеберліктің түр-түрімен, яғни киіз басу, тігін тігу, папье-маше шеберлігіне үйретуді қолға алып келеді. Шебердің жетекшілігімен үйірме оқушыларының әр түрлі техникаларында орындалған ең алғашқы тырнақалды жұмыстары 2019 жылы Наурыз мерекесінде орталық алаңда көрмеге қойылған. 2020 жылы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай осы оқушылармен Абай атындағы орталық кітапханада «Желсіз түнде жарық ай» атты балалар қолөнер туындыларынан тұратын көлемді көрмесі ұйымдастырылған. Жалпы көрме экспозициясы Ұлы ақынның «Жазғытұрым», «Жаз», «Күз», «Қыс» атты маусымдық өлеңдері тақырыптарына сәйкес балалардың жүн басу техникасында орындалған түрлі пейзажды паннолар жиынтықтарынан құралған екен.
Фарида Сүлейменқызының қолынан шыққан 2020 жылдары жаңа туындылары Абайдың балалық образын сомдайтын «Зере және Абай әлемі» тақырыбында шағын мүсіндер ансамбілі және табиғи қабақша шикізаттарынан шығармашылық қуыршақтар топтамалары болып табылады.
Ұстаздықпен шеберлікті қатар алып, шығармашылық өнер жолымен жолын бағындырып келе жатқан Фарида Сүлейменқызына алдағы уақыттарда тек қана шығармашылық табыстар тілейміз.
Мақала авторы: Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі,
Ағарту және маркетинг жұмыстар бөлімінің қызметкері Әлия Әбілханқызы.