Новости

   Халық мұрасы  құндылықтарының жаңғыру кезеңдерін  шынайы жүрек жылуымен  жетілдіріп, оның ілгерілеу процесінің тиімді жолдарын көрсетіп, өскелең ұрпаққа өшпес өнеге қалдыру нағыз хас шеберлердің еншісіндегі құбылыс екендігі белгілі. Осы төңіректе, қолөнерде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар, бесаспап өнер иелерінің бірі, Семей қаласы, Абай ауданы, Саржал өңірінің тумасы- Оразғалиев Арқат Дүйсенбайұлы шығармашылығы көпке таныс.

Алматы архитектура құрылысы институтының түлегі, Қазақстан дизайнерлер Одағының мүшесі, белгілі қолөнер шебері, скульптор, Арқат Дүйсенбайұлы, ұлттық өнердің санқырлылығын дамытудан жалықпаған өнер иелерінің бірі.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шәкәрім университетінің бейнелеу өнері бөлімінде аз да болса қызмет атқарған шебер, ұлттық қолөнерге толығымен бет бұрып «Таңба» атты жеке  шығармашылық кәсібін дамытқан. Қолөнерге деген асқан қызығушылығымен жан-жақты ізденістерінің арқасында, қалалық, республикалық және халықаралық ауқымды көрмелерге қатынасып, көптеген елеулі жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Тілге тиек етер болсақ; 2002ж.Новосибирск,«Сібір жәрмеңкесі»; 2002,2007ж.ж. Алматы, «Қызғалдақ маусымы» атты Орталық-азиялық қолөнер көрме-жәрмеңкесі; 2015,2016,2018 жылдары Семей қаласы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақ қолөнерінің мерекесі» атты  ІІІ, ІV, V-ші фестивальдарында белсенділік танытып, ерекше шеберлік қыларымен танылған.

Шебер, біраз жылғы өз қолөнерінің тәжірибелі қортындысы ретінде шығармашылықта жеке көрмелерін,1999 жылы,Семей қалалық облыстық тарихи-өлкетану мұражайында; 2000 жылдары Абай атындағы әмбебап кітапханас, Абай атындағы мемлекеттік әдеби-мемориалды мұражайында ұйымдастырып, халық ықыласына бөленген. Оның қолөнеріндегі қайталанбас авторлық төл туындыларының біразы, қалалық, облыстық музейлерде,«Бөбек» қайырымдылық қоры жинағында, сонымен қатар Қазақстан, АҚШ, Франция, Жапония елдерінің  жекеменшік коллекцияларында сақтаулы.

Шебердің алдыңғы қатарлы төлтуындыларын бағамдар болсақ, басым бөлігі қазақ халқының этно-мәдени болмысын айшықтайтын металл, тері және ағаш материалдарынан әзірлеген күрделі мазмұнды, этностильді композициялы кәдесыйлар топтамалары және ұлттық болмысымыздың брендіне айналған саналуан ұлттық ыдыс-аяқтар жиынтығы болып келеді. Автордың айтуынша бұл туындылардың біраз бөлігі, өз кезінде арнайы тапсырыстар бойынша әзірленіп, облыстық жәнне республикалық маңызы бар ауқымды мәдени шаралар сұранымдарына сәйкес кәдесыйлар ретінде тарқатылып кеткен екен.Мұның ішінде ең есте қалатыны «Азия даусы» халықаралық ән конкурсына арналған этностильді кәдесыйлар топтамалары.

Шебердің әрбір туындыларының бейнелеу бедерлері, терең мағыналы әрі жас ұрпаққа көркем ой салардай өзгеше мазмұныды болып келетіндігімен ерекше. Әсіресе ағаш материалдарынан әзірленген инсталляцияларынан қиял ұшқырлығымен ұштасып жатқан иірімді орындалу тәсілдерін аңғаруға болады. Сонымен қатар композициялы шешімде пішіндердің ықшам әрі жинақылықлығын, көздің мүлтіксіздігімен қолдың дәлдігін көруімізге болады.

Адам тұлабойындағы сұлулықпен рухани құндылықтарын, күрделіде көлемді етіп  мүсіндеу және оның дәлме-дәл кескінін жарасымды әрі монументальды етіп бере алу, өткір көзді, епті қолды және нағыз хас шеберлердің қолдарынан ғана келетіндігі сөзсіз. Арқат Дүйсенбайұлының да кейінгі шығармашылығы, шағын архитектуралық фон құрылыстырымен монументальды ескерткіш мүсіндерін әзірлеу өнерінде көрініс табуда. Осы тұста шебердің жоғары сапалы самаралық гипс және қола құймаларынан құйылған, музыка әлемінің рок жұлдызы, Виктор Цойдың және Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында, Сеймей әуежай төріне жоспарланған Абайдың бюст ескерткіштерін тілге тиек етуге болады.Шебердің, рухани өлкеміздің сұранымына сәйкес қолға алып жатқан қайсыбір ескерткіш мүсіндері болмасын,өте жоғары шеберлікте әрі сапалы орындалғандығы байқалады. Әзірше шебер қоржынындағы айтулы қос мүсіндер,болашақта халық сұранымына лайық өз орындарын табатындығына біз кәміл сенеміз.

2019 ж. Арқат Дүйсенбайұлы және шәкірті белгілі дизаинер Асқар Райымбекұлымен бірге, қолға алған көлемді жобаларының бірі, Өскемен қаласы Д.Серікбаев ат. ШҚМТУ ғимаратында «Рухан жаңғыру бағдарламасы аясында» ашылған «Үлкен Алтай музейінің» экспозициялық жобалау концепциясы төңірегінде іске асқан тапсырыстар болған екен. Шеберлер,экспозиция концепцисына сәйкес, қажетті жәдігерлердің қайталама топтамаларын, яғни, тасбақа тұғырына орнатылған көне түркі жазба ескерткішінің макеті,түркі қолбасшысы Күлтегін мүсінінің фрагменттері, сонымен қатар, Алтайдың көшпелі мәдениетін суреттейтін,  шаруашылық нышандарымен құрал-саймандарын әзірлеген. Мұнымен қоса, бұл жобада музейдің сыртқы кеңістігінің көркем безендіруіндегі түрлі жан-жануарлардың ескерткіштерін асқан шеберлікпен және нағыз шеберге лайық жауапкершілікпен атқарып шыққандығын көруге болады.

Қолөнердің сан түрлілігін қол сүзгісінен өткізіп, қаспағын қалқыған шебер туындылары қашанда,алыстан көз тартатын әсем, әрі  халық сұранымына ие.

Мақала авторы:  Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, «Ағарту және маркетинг бөлім жұмысы» қызметкері Әлия Әбілханқызы.