Новости

   «Өнегелі ұрпақ болашақтың алтын көпірі» — демекші, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кәсіптің бай мұрасы, ұрпақ жалғастығы жолында қайта түлеуі әрдайым көңіл қуантады. Әрбір өнер өз заманының айнасындай, заман жаңалығынан қалыспай дамып келе жатқандығымен  ерекше.

Заманауи көзқарас бұл өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес, керісінше ұлттық мұраларымыздың бастапқылығын сақтай отырып, заман өзгерісіне лайық алға ілгерілеуді көздейтін шығармашылық құбылыс. Ал құбылысты белгілі бір өнер айдынында тудыратын да, сан қырлылығымен құбылтатын да шеберлікті жанына жолдас еткен өнер адамдары. Соның негізінде ұлтық өнеріміз заман сұранымына сай бір сара жолға түскендігін байқаймыз. Олай болса, шығармашылық өркениетінің әрдайым бастауында келе жатқан сәндік қолданбалы өнер иелерінің жұмыстарын қашанда қолдап, жариялап отыру әрбір өнер бағытын ұстанған музейлер еншісінде қала бермек.

Осының негізінде бүгінгі кезекті рубрикамыз, өнер жолында туындыларынан әрдайым жан нәзіктігі сезіліп тұратын — Гүлмира Мұхамет-Қызыровна шығармашылығына арналады.

Сәндік-қолданбалы қолөнер шебері, Қолөнершілер Одағының мүшесі — Гүлмира Мұхамет-Қызыровна, 1968 жылы, Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Горное ауылында, көп балалы әрі ұстаздар отбасында дүниеге келген. Жастайынан ата-анасына ұқсағысы келіп, оқытушылықты  армандаған ол, Әуезов атындағы Семей педагогикалық училищесінде, кейін Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының көркемөнер факультетінде білім алған. Өзінің тәлімгерлері ретінде С.М. Мырзаханов, А.Р. Масаевалар сияқты өнегелі ұстаздарын мақтан етеді. Өнерінің бастауын ауыл жағдайында анасынан үйренген шебер, бала кезден жүн ұқсатып, киіз басу секілді қол өнердің түр-түріне қызығушылық танытып, еңбекке ертеректен араласа бастағаны көрінеді. Шебердің айтуынша, осы күні 83-тің төріне шыққан, анасы Рауза әжей, жүн иіріп,  шәлі тоқу өнеріне әлі күнге дейін ептілік танытып және  әрбір бастаған ортақ істерде қолдау көрсетіп, шамасы келгенше көмек беруге дайын тұратындығын жеткізді.

Гүлмира Мұхамет-Қызыровнаның жанға жылу сыйлайтын ерекше туындылары әркез аймақтық, қалалық және республикалық деңгейдегі көрме-жәрмеңкелерінде үнемі жүлделі орындармен оралатындығы көпшілікке мәлім. Сонымен қатар, еңбекқор белсенділігімен біршама белестерді бағындырғандығын төмендегі жетістіктер тізбегінен көруімізге де болады.

2016 жылы Алматы қаласында өткен «Ұлы дала жәрмеңкесі» атты, Қазақстан қолөнершілерінің республикалық көрме-жәрмеңкесі; Семей, Тарихи-өлкетану музейінде, «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мен Семей қаласы қолөнершілерінің V- аймақаралық конкурсы; Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, «Қазақ қолөнершілерінің мерекесі» атты ІV, V-ші аймақтық фестиваль конкурысы; Өскемен, «Шығыс жәдігерлігі» атты аймақаралық қолөнершілер конкурстарына қатысып әр-түрлі номинациядағы жүлделермен «Жоғарғы шеберлік» аталымының Гран-при иегері атанған. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде, өлке шеберлерімен бірге «Семей қаласының мәдени күндерін» аброймен өткеруге бір кісідей атсалысып, белсенділік танытқан.

№ 8-ші балалар мектеп-интернатында ұзақ жылдық ұстаздық қызметімен қатар «Айша Бибі» ҰМО шеберлерінің арасында жүріп, қаламыздың мәдени өмірінде түрлі көрмелермен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жобаларында белсенділік танытып, өскелең ұрпақтарға өнердің өнегелі тұстарын дәріптеп келгендігі де көпшілікке белгілі.

Қолөнершінің заманауи жаңашылдыққа толы ерекше этностильді туындылары жылы контрасты түстік үйлесімділігімен әр кез ерекшеленіп тұрады. Алыстан көз тартатын ұлттық бұйымдар топтамасы қашанда халық сұранымына ие. Қолөнершілікте қазақ халқының қолданбалы өнерінің сан түрлерін сонау бала кезден қол сүзгісінен өткізіп үлгерген өнер иесі, әсіресе терме алаша, ши  тоқу, бізкесте тігу т.б. өнер бағыттарын еркін меңгерген. Ал  көбінде жаны сүйіп айналысатын өнері ол жүнді құрғақ және сулап басу техникаларында орындалатын түрлі киіз бұйымдарын жасау болса, соңғы жылдары нәзіктікпен жылылыққа толы бейнелі батик  безендіру ісінде жетік меңгергендігін  дәлелдеп келеді. Әсіресе оның қазіргі таңда әйелдер мен қыз балалар сәніне айналған жеңсіз кеудешелер дайындауында өзінше авторлық қолтаңбасын байқауымызға болады.  Шебердің қолөнер туындыларының басым көпшілігі тұрмыс қолданысына қажетті дүниелер топтамаларын құрайды. Бұған дәлел көптің сұранымындағы сәнді шәлілермен  көлемді және шағын өлшемдегі киіз-текеметтер. Сондай-ақ жүн талдырмаларынан жастықтармен қоржындарды ерекше оюлар түсіру тәсілдерімен өрнектеп орындауда асқан шеберлігін көре аламыз.

Қазіргі таңда, Гүлмира Мұхамет-Қызыровна киіз басу, батик дайындау техникаларын жетік меңгерген қолөнер шебері әрі  ұстаз. Оның туындылары Өскемен, Семей музей қорлары мен Қазақстан және шетелдік жеке коллекционерлердің қорларында сақталуда.

Мақала авторы: Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, «Ағарту және маркетинг бөлім жұмысы» қызметкері Әлия Әбілханқызы.