Новости

   «Кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» демекші, кестелеу өнері өз заманында қазақ әйелдерінің ішкі ой-сезімдерімен көркем жан-дүниесін орамал бетіне емін-еркін түсіре алу мүмкіндіктері жолындағы сәнді де сылқым кәсіп түрлеріне жатқызуға болады. Оның қазақ халқына тән байырғы түрлері орындалу әдістерімен көркемдеу жолдарына қарай алуан түрлілігімен түрленіп, ХІХ ғасырдың аяғына дейін үй тұрмысы әйелдерінің өнегелі қол еңбектері ретінде өркен жайғандығын байқаймыз. Солардың ішінде тігу ыңғайлығымен кең таралғандарының бірі, қармақты бізбен өткізіп шалу тәсілімен орындалатын —  Біз кесте өнері.

Осы тұста халықтық өнерді жаңашылдықпен жаңғыртып, жетілдіруші бізкесте өнерінің шебері Асхан Сейілбек апамыздың өнегелі өнеріне назар аударсақ. Шебердің сонау тәуелсіздік жылдарынан осы күнге дейін кестелі бұйымдарының басым бөлігі,  көркем шығармашылық туындыларға қарағанда, күнделікті тұрмыс сұранымын толықтыратын ұлттық коллоритке бай этнобұйымдар жиынтығын құрайды. Шебердің әредік тәсілінде кестеленген әрбір бұйымдары, пішіндерінің алуан түрлілігіне қарамастан олардың  ұлттық нақышта, түстік үйлесімінде безендірілуі өте ерекше, әрі күрделі. Әсіресе оның тұскілемдерімен алашаларында жиі кездесетін өсімдік тектес өрнектердің өзі, топтастырып қайталау тәртібімен симметриялы тепе-теңдікте орындалған күрделі композиция болып табылады. Қазіргі таңда автордың ерекше сұранымға ие жаңаша туындылары қатарын көбіне оқушыларға арналған аспалы дорбалар, әйелдерге арналған кестелі сөмкелер, әмияндар топтамалары, көз жауын алатын қыз жасаулары мен өзгеде дәстүрлі рәсімдер дүниелері құрайды. Бұл ретте шебер кесте бұйымдарының сапалы әрі тартымдылығын арттыру үшін, тиісті материалдарды талғаммен таңдап, көркемдеу мүмкүндігінде заманауи безендіруді молынан қолданатындығын байқатады. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, шебер осы бізкесте тігу өнерін бала кезден өз отбасы тәрбиесінде үйреніп, күнделікті іс ретінде қолданып келгендігі туралы жеткізді. Кейін ауыл мектебінде ұстаздық мамандығынан бөлек жеке тапсырыстар ала жүріп осы өнер жолын әрмен қарай шыңдап келген. Халық сұранымынан түскен тапсырыстардың арқасында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қаржылай қолдауына ілігіп, Түрксіб ауыл мектебінде «Шебер қолдар үйірмесінің» ашылуына қол жеткізген. Онда ауыл жастарына ұлттық өнер түрлерінің өнегелі тұстарын үлгі ете отырып біраз жылдар ұстаздық еткен. Шебердің қолынан шыққан біраз дүниелер көптеген этностильді жастардың күнделікті сәнді аксессурлары ретінде кеңінен қолданысқа ие.

«Өнерлі өрде озады» демекші, Сейілбек апамыз 2018 жылдан қалалық «Айша бибі» қазақ мәдениет орталығында мүше бола жүріп, көптеген облыстық және қалалық сайыстарда топ жарғандығын төмендегі елеулі жетістіктерінен көруге болады:

2010 жылы — БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасының «Кәсіпкерлік негіздері» үшін сертификат иегері;

2013-2018 жылдары — ШҚО Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Қазақ қолөнершілерінің кәсіби мерекесі» атты I, III, IV және V-ші аймақтық және «Асылмұра» Халықаралық қолданбалы қолөнер фестивальдарының тұрақты қатысушысы және жеңімпазы.

2013-2016 жылдары — Алматыда өткізілген «Евразия орталығындағы — Азия» шеберлері тренингінің және Астана қаласында өткен «Алтай базары» қолөнер шебері сертификаттарының иегері; «Ұлы дала жәрмеңкесі» атты Қазақстан шеберлерінің I-II-III-і Республикалық көрме жәрмеңкесінің дипломанты;

2015-2016 жылдары — Еуразия дизайнерлер одағының I-ші дәрежелі дипломанты және мүшесі;

2017 жылы – «ЕХРО 2017» көрмесінің қатысушысы.

Қазіргі таңда жеке іс кәсіпкері және қаламыздың «Шеберлер» ұйымының көрнекті мүшесі. Бес баланың анасы, қаламыздың үлгілі отбасыларының бірі.

Мақала авторы Невзоровтар отбасы атындағы ШҚО бейнелеу өнері музейінің қызметкері Әлия Әбілханқызы