Новости

   «Иә,… Мен өмірдің тез өтетіндігіне таң қаламын. Өте тез. Бірақ артқа көз жүгіртсең әр қилы дүние болған екен. Өмір қозғалысы қызықты, мен үшін-қозғалыс ол «өнер»» деген екен Айша Ғалымбаева Ғарифқызы. Өрнекті өнер жолында бояу тілімен үн қатқан арудың есімі, Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында алтын әріппен жазылып қалатыны сөзсіз! Өмірінің мәні де, мағынасы да қылқаламынан күйдей болып жазылған мазмұнды шығармалары еді.

Айша Ғалымбаева Алматы маңындағы құзар шыңдары көк тіреп тұрған Алатаудың бөктерінде орналасқан  Есікте 1917 жылдың 29-желтоқсан айында дүниеге келді.

Тұлымшағы желбіреген тана көз қыз әжесінің жанында қуыршақ ойнап отырып, оларға киім тігетін. Егер бір қағаз тауып алса киімдерін дереу сыза қоятын. Ісмер әже Айшаны жастайынан еңбекке баулыды. Мүлгіген табиғат тамашасы мен жылы ұяның сұлу ырғақ, әсем бояуы бірте-бірте болашақ суретшінің жан дүниесін мөп-мөлдір, тұтас бір тұнығымен баурап алды. Одан соң бұл ғажайып дүние, сиқырлы сурет оның полотноларында бейнелі көрініс тапты. Революцияда  отбасынан айырылған Айшаны  Қанипа әпкесі Н.В. Гоголь атындағы Алматы театр-көркем сурет училищесіне оқуға алып келеді. Қазіргі таңда ол училище  Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі болып аталған.

Жас студент орыс тілін жетік білместен, өзінің қағілездігімен орыс педагогтарын зейінмен тыңдап алғыр болады.

Білімін одан ары шыңдау мақсатында Мәскеуге баруы соғыстың қызған шағымен тұспа-тұс келеді. Қиын қыстау кезеңдерінде әр қилы жағдайларды бастан өткереді.

«Қазақ халқының қызы Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография иниститутын (1949) үздікке аяқтады!»- деген қуанышты хат Қазақстан жеріне келіп жетті.  Бұл есім Қазақстан мәдениеті тарихының тұтас бір тарихи дәуірінің нышанына айналатыны сол мезеттен-ақ айғақ болса керекті…

Айша Ғарифқызы халқы үшін дәстүрлі болмаған бейнелеу өнерінде өз жолын таңдаған бірінші қазақ қызы  болып өзіндік сара да дара жолын салып кетті. Ол жаңа көркемдік-шығармашылық кеңістігіне батыл еніп, оның әдістерін, кұрал-жабдықтарын және эстетикасын меңгеріп, өмірді өзіндік көрудің жеке стилін жасап шығарды. Тарих, қазіргі заманғы өмір, оның замандастары мен көркемдік-эстетикалық мұраттарының бейнелері көрініс тапқан толып жатқан туындыларын  жарыққа шығарды.

Дипломдық жұмыс жазуда Айша Ғалымбаеваның таңдаған тақырыбы: «М. Әуезовтың «Абай әндері» кино сценариіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздері» болды.

Ол Абайдың отанында тұрып, киелі топырақтың қуатын бойына дарытты.

Сәулет өнері ескерткіштері, тұрмыстық жанрдағы бейнелер, ұлттық киімдер, жазық дала, және өсімдіктермен басқа да толып жатқан  көріністерді салды. Ол таңдап алған тақырыбы бойынша 200-ден астам эскиздер орындады. ВГИК-те дипломдық жұмысын мемлекеттік комиссия жоғары бағалады. Бұл суретшінің өзі үшін тарихи мұрамен жұмыс істеудің баға жеткісіз тәжірибесі болды.

1949 жылы  дипломды қорғаған соң А. Ғалымбаева бірнеше жыл бойы көркем- фильмдердегі жұмысын жалғастырды.   1958 жылы ол Казақ мемлекеттік әдеби баспасының тапсырысы бойынша Мемлекеттік орталық мұражайдың қызметкерлері С. Есова және Н. Оразбаевамен бірге бірінші «Қазақтың ұлттық киімі» альбомын жасау жұмысын атқарды. Оның негізіне Қазақстанның әр түрлі аймағынан жиналған мұражайлық  жинақтама алынды. Альбомға суретші орындаған ер және әйел адамдары киімдерінің 60 иллюстрациясы енгізілді. Суретші араб тілін жетік меңгергендігінің арқасында көптеген материалдарды оқи отырып, оларды қағаз бетіне көшірді. Өзбек, қазақ, қырғыз костюмдерін шатастырып алмас үшін, ол Қазақстанды аралай жүріп, адамдармен сөйлесіп анықтады. Альбом 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнерінің декадасына апарылды және  зор жетістіктерге ие болды.

Ғалымбаева ұлттық киімдер бойынша алғашқы мықты мамандардың біріне айналды.

1949 жылдан бастап институтты бітіргеннен соң суретші бірден Қазақстан суретшілер
Одағы ұйымдастырған көрмелерге белсенді қатынаса бастады. 1951 жылы ол бірінші  КСРО және Казақ КСР суретшілер Одағының мүшесі болды.

Суретші өз шығармаларының ішінде, әсіресе натюрморттармен жұмыс істеген кезде өзін неғұрлым еркін және нық сезінеді. Ол өзін қоршаған заттардан толып жатқан шексіз композициялар кұрастырады, бұл іс авторға тыныштық пен рухани жаңғыру сыйлайды.

Біздің музейімізге осы күнге дейін қаншама өнер туындылары  алуан түрлі жолдармен келетін болса, қыл қаламгер төрт бірдей жұмысын өз қолымен тарту еткен. Олар: «Әндетіп тұрған қыздар», «Бауырсақтар», «Қызыл құмыра», «Автопортрет». Бұл туындылар бүгінде біздің мақтанышымызға айналған.

Кескіндемеші қазақ бейнелеу өнерінде ұлттық натюрморт түрін ойлап тапқандығымен мақтана отырып, біздің тұрақты экспозициямызға көрік беріп тұрған «Бауырсақтар» атты шығармасына тоқталар болсақ,  ою-өрнектермен сәнделген дастархандағы көзді арбаған тартымдылық, кенеп пен бояуға жан бітіргендей. Халқымыздың қонақжай дастарханының молдығы ас атасы нандармен қатар  шашылып жатқан сары дөңгелек бауырсақтармен, кішкентай тәрелке үстіндегі шыныаяқ, бетінде гүлдері бар нәзік шыны фарфорлы керамикалық шәйнек үй ішіне барынша жылулық сыйлайды.

Ғалымбаева Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Құрмет белгісі және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері болып табылады. Өнердегі айрықша еңбегін бағалай отырып, Меценаттар клубы оған 2002 жылы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығын тағайындады.

Осыншама марапаттардың иегері болған  нәзік жанның  иығындағы көтерген жүгі жеңіл болмады. Суретшінің өмірлік және шығармашылық жолында революция, социолизмнің құрылуы,  дүниежүзілік соғыс, қайта құру және біздің қазіргі шындығымыз болды. Соған қарамастан ешқандай қыйындыққа мойынсынбай барлығында абыроймен атқарып өтіп, еңбегінің жемісін көрді және оның өнері ғана емес, өзі де  бір емес екі ғасыр жасап келе жатыр деп айтсақ артық айтқандық емес. Артына жалғыз тұяқ қалдырсада ел өнерінің шашбауын көтеріп келе жатқан саналы ұрпағы жеке бір төбе, дара бір тұлға. Ол суретшінің ұлы керамист  Решат Файызрахманұлы Қожахметов.

Автор өзінің 80 жас мерей тойы қарсаңында «Мен құдайға суретшілік дарынын сыйлағанына ризамын. Мен лас дүниенің өзіненде сұлулықты көретіндігіме бақыттымын. Мен өз жерімді, өз халқымды сүйемін. Қолы ашық, мейірімді халық болғандығы үшін, құдай қазақ халқына ұлан ғайыр атырап сыйлаған» деді.

Айша Ғалымбаеваның бұл өмірден алмаған сыйы, ардақталмаған атағы жоқ шығар. Алайда солардың арасындағы ең бастысы оның картиналарын тамашалаған көрерменнің көкірегінде күй болып шертілетін сұлулық пен қуаныш, адам жанына сондай іңкәр дүниені сыйлаған шығармашылықтың жасампаздық құдіреті.

Дайындаған: «Ағарту және маркетинг бөлімі жұмысының» қызметкері Муратбекова Арайлым Бейсенқызы