Новости

   Шынайы өнер туындылары ғасырлармен бірге жасап, әр ұрпақтың, әр буынның жанын тербеп, жүрегін тебірентіп, рухын асқақтатады. Суретші туындылары уақыт өткен сайын, жақұттай жарқырап, саф алтындай сәуле шашып, жаңара беретін ғажайып, құпия сыры терең дүние. Бүгінде сондай кескіндеме өнерінің бірі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнерінен өз орынын тапқан. «Құмғаны бар натюрморт» деп аталатын бұл картина авторы XX- ғасырдың 50- жылдары жазылған өнер туындысы 2015 жылы көркемсурет өнерінің білгірі, жанашыры «Тенгри — Ұмай» галереясының басшысы және негізін қалаушы Владимир Филатовтың жеке коллекциясынан музейімізге сыйға тартылған.

Қазақстанда натюрморт өнері басқа жанрларға қарағанда кенже қалып, 1930-жылдардың соңына таман жанданады.Алғашқыда, мазмұны жағынан жеңілдеу көрінгенімен натюрморт барған сайын қызықты әрі күрделі рөл атқара бастайды.  Бұл жанрға қылқалам тартқан шеберлердің ішінде Мария Лизогубта бар еді.

Өмірде әр зат өз орынын тапса, маңына сән беріп, жарық шашып тұрары сөзсіз. Автордың құмғаны бар осы бір туынды музей көрермендеріне жайлылық сыйлап, көңілдеріне ұялаған. Суретші кескіндеменің алдыңғы фонында  драпировкасы жақсы түскен жібек мата жайылған дастарқанды бейнелеген. Дастарқан үстінде тандыр наннан бөлек, бірін-бірі толықтырып тұрған алтын түстес жез табақ пен құмған бірден көз тартады. Кенеп бетіне жеміс-жидектерді бейнелей отырып, көрерменіне жансыз заттардың мөлдірлігі мен әдемілігін көзбен көріп, дәмін тамсана татырғандай болады. Жемістердің қызыл-күрең, қоңырқай-сары  жылы түстері жанға жайлылық сыйлайды. Картинадағы әрбір деталь суреті тиісті көлемде, нанымды кейіпте өз түсімен танылған. Дастарқан шетіндегі бетіне жартылай қызыл мата жабылған ыдыстарды көз шалады. Олар күлгін, ақ, көк, жасыл болып түрлі түстерге боялып, сап түзеген солдаттай кезекпен-кезек дөңгелене орналаса кеткен. Кескіндемеші артқы планда натюрморттың айқындылығын жоғалтып алмас үшін, суық түстерге көшкен. Жоғарыдан түскен жарық сәулесі құмған мен табаққа, ал олардан дастарқан бетіне шағылып, ақ матаны алтын түске малып тұрғандай жалт-жұлт етеді. Бойжеткеннің талдырмаш қыпша беліне ұқсаған әсем құмыра, музыка ырғағымен тербеле билеп тұрғандай әсерге бөлейді. Қылқалам құдіретімен бір ғана натюрморт жұмысында шығыстың көркемділігі, сәнді дастарқанында қазақтың қонақжай иісі бар…

Автордың кіндік қаны тамған жер Украина, Николаев қаласы болса да, еңбегі сіңіп, творчествосының самғау кезеңі қазақ топырағында өткен еді. Киев көркемсурет институтын тәмамдап  Ф. Кричевский, М. Шаронов тәрізді ұстаздардан дәріс алып келген жас түлек, 1941 жылдан бері Алматы қаласына қоныс теуіп, сурет әлеміне бойлайды. Дәл сол кезең Қазақстандағы әріптестерінің шығармашылықтарының буырқанып жатқан мезеті болатын.   Ел-елден, лек-легімен келіп жатқан көркемсурет майталмандарының алғы шебін құрап, өнердің  қайнап жатқан қара қазанына  бірақ түседі.  Мария Лизогуб көп ұзамай Суретшілер Одағы Мүшесінің қатарына  еніп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері атанады. Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталады. Қалалық, облыстық, республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қатынасады. Қазіргі таңда туындылары Қазақстан, Минск, Донецк музейлерінде және жеке жинақтаушылардың қорларында сақтаулы.

Әрбір өнер өз уақытынан сыр шертеді, сол кезеңдегі болмысты, тұрмыс-салтты, рухани деңгейді бейнелейді. Мария Сергеевна Лизогуб өз шығармаларының көбін қазақ халқымен етене байланыстырып, тоқсан жасына қараған шағында, яғни 1998-жылы өмірден озады.

Тума дарындылық, күш-жігері мен еңбекқорлығы, өзіне деген үлкен сенімділігі мен жауапкершілігі, жоғарғы интеллекті суретшіні шыңға жетеледі. Ұлтқа, дінге, тілге бөлінбейтін кескіндеме өнерінің құдіреті арқылы Мария Лизогуб қазақ елін сүйді, ал шын майталманның еңбегін халық бағалап, мәртебесін асқақтатып тұрды … және солай да жалғаса бермек.

Дайындаған: Маман Мұратбекова А.Б.