Новости

   Пейзажға тек әдемілік аздық етеді, онда жан-дүниеңді тебірентетін сыр болмаса, бағасы да болмайды. Ол жүрек сезімін оятатын дыбысқа толы болуы қажет (К.А.Коровин). 

Орыс өнеріндегі пейзаж қоғамның рухани өмірінің көрінісі болды. Пейзажда жеке адамның жан дүниесі мен дәуірдің толқулары ашылды. XIX ғасыр – пейзаждық кескіндеменің бұрын-соңды болмаған гүлдену кезеңіне айналып, көркемөнер аренасы керемет шеберлермен толысты.

Орыс кескіндемесі тарихында тек пейзаж жанрында ғана емес маринист, баталист ретінде танылған дарынды шеберлердің бірегейі Лев Феликсович Лагорио. Ол Феодосияда 1826 жылы неаполитандық вице-консулдың отбасында дүниеге келді. Әкесі Феликс Лагорио көпес, ақсүйектер отбасынан шыққан. Қырымдағы Феодос гимназиясын бітірген жас өреннің бойындағы сурет салу қабілеті өте ерекше еді. Теңіз бейнесінің құдіреті мен тартымдылығын кенеп бетіне түсірудің хас шебері К. Айвазовскийдің шәкірті атанып, шығармашылығын одан ары шыңдап, тарихта өзінің жеке қолтаңбасын қалдырды. Тәлімгер өзінің алғашқы оқушысының ерекше таланты мен таңғажайып жұмысына аса құрметпен қарады. 10 жыл бұрын Айвазовскийге Санкт-Петербург өнер академиясына түсуге көмектескен Таврический губернаторы А.И. Казначеев, 1843 жылы жаңадан келген суретші Лагорионы Санкт-Петербургке алып келді. Бұнда жас суретші ландшафт сыныбына түсіп, Люхтенберг герцогы Максимилианның есебінен оқып шықты. Ерекше талант иесіне А.И. Сауэрвейд, М.Н. Воробьев, Б.П. Вильвалде сынды майталман ұстаздар өнерін дамыту жолында тәлімдерін аямады. 1850 жылы Лагорио Өнер академиясын үлкен алтын медальмен ғана емес, сонымен қатар 1 дәрежелі класс суретшісі атағымен марапатталды. Сол кезеңде осындай дәрежеге жеткен суретшілердің зейнетке шығып, шет елдерде жұмыс атқаруына жағдай жасалатын еді. Лагорио алдымен Кавказ жерінің тылсым табиғатын бейнелеуге жіберіледі. Көз тоймас әдемілігімен Кавказ таулары өзіне мәңгі баурап алып, суретші қылқаламының неше мәрте тартылуына ықпалын тигізді. Шебер Кавказды бейнелеуде натураны терең зерттеуімен және жарық әсерін бере білуімен ерекшеленді. Жас суретшіні Каспий мен Қара теңіздің жарды ұрған асау толқындары да, теңіз бетінің жаймашуақ тыныш мезеті де бей-жай қалдырмады. Асқақ таулары мен қалың шатқалдары, көкке ұмтылған сұлу талдары, арайлап атып, алаулап батқан күні де шабыттандырды. 1852 жылы ол Еуропаға кетіп, 8 жыл бойы Италия, Франция, Швейцария және Голландияда болды.

1853-1860 жылдар аралығында Лагорио шетелде зейнеткерлік сапарларда жүріп тамаша шығармаларды жарыққа әкелді. Тынымсыз еңбегі үшін, академик атағын аттап өтіп, профессор атанды. Лагорио Италия табиғатының оңаша бұрыштарын, бақтар мен тастарын, капеллалар мен таулар арасындағы кішкентай су қоймаларын салып, өзге суретшілерден ерекшеленді. Суретші Италиядағы белгілі жерлерді немесе жергілікті тұрғындарды бейнелеген күннің өзінде, оларды басқа қырларынан көрсетуге тырысты. Ол үшін басқа суретшілер жібере алатын мағынасыз бөлшектер болған жоқ. Лагорио ешбір затты көзден таса қалдырмады. Ағаштарда, әсіресе суретшінің сүйікті қарағайларында ұсақ жапырақтар шебер бейнеленді. Шын мәнісінде олар айқын көріне қоймаса да дүрбімен бақылап отырғандай шұңқырлар мен жағалаудағы тастар майда-шүйдесіне дейін толық жазылды.

Өнер академиясының суретшіні терең мойындауы оны астаналық дворяндар ортасында танымал етті. 1861-1863 жж. ол ұлы князь Михаил Николаевичтің ізбасарымен Кавказға барды. Альпинистерге қарсы соғыс қимылдарына қатысқаны үшін, Лагорио қылышпен III-ші дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. Суретшінің 1860 жылдардағы кескіндемелерінде кеш романтизм дәстүріне тән күн сәулесінің ашық әсерін қолданды. Тек 1870 жылдардың басында бетбұрыс өзгеріп, шеберді шуақты пейзаждар емес дауылдар, теңіздегі кеме апаттары, қараңғы түндегі айдың әсем бейнелері қызықтыра бастады. Политрасы суық түстерге толысып, жасанды ашық түстерден өңіп кеткен табиғи көріністерге ауды. Кавказ табиғатын кенеп бетіне түсіруде тұман ішінде жоғалып кеткен күн сәулесін көрсете білу, Лагорионың ерекше қасиеті болды.

Көптеген суретшілер Қырым жеріне арнайы эскиздер салу үшін барды. Алайда көрерменге қырым рухын жеткізе алу екінің бірінің қолынан келмеді. 1870 жылдардан бастап, Қырым өлкесі Лагорио шығармашылығында жиі кездесетін тақырыпқа айналды. Ол сол жердегі шеберханасында әр жаз сайын эскиздер жазып, табандылық пен шеберліктің арқасында тың туындыларды дүниеге әкелді. Суретшінің осындай шабытқа толы шақтарының бірінде 1878 жылы жарық көрген, біздің музейіміздегі ерекше өнер туындыларының бірі Л.Ф. Лагорионың «Арайлы алқап» картинасы. Тыңнан түрен салған суретші үшін, Қырым табиғатының қыр-сырын, таулы аймағының бөктерлерін, сайлары мен шатқалдарын кенеп бетіне түсіруі оны тек ләззатқа бөледі. Суретші дәстүрлі академиялық тәсілді қолдана отырып, негізгі үш түсті пайдаланды. Кеңістіктің тереңдігі көрерменін өзіне баурап, шақырып тұрғандай. Таңғы қалың тұман арасынан тау сілемдерінің де бірге оянып келе жатқандығын байқаймыз. Алқап алтындай түске оранып, көрерменге жылулық сыйлайды. Силуэт түрінде жазылған адамдар мен аттардың ұсақ бейнелері картинаға шырай кіргізіп, пейзаждағы ұлттық колоритті аңғартады.

1880-1890 жылдары Лагорио Қырым, Кавказбен Константинопольді бейнелейтін бірқатар суреттер салды. Олардың көпшілігі бір-біріне ұқсас болып келді. Жол бойындағы кемелер, таулардың арасындағы тұман ішінде жоғалған үйлер, міне осылар қылқаламгердің шығармаларын өзгеден ерекшелендірді.

Ол көптеген орыс суретшілері сияқты 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысына корреспондент ретінде қатысты. Соғыстың трагедиялық және драмалық оқиғаларының эпизодтарын полотноларында көркем бейнеледі. 1880 жылдары Лагорионың акварельмен жұмыс жасауға қызығушылығы артты. Орыс акварельдері үйірмесінің (1887 жылдан бастап орыс акварельдері қоғамы) көрмелері жыл сайын өткізіліп тұрды, бұл оның осы техникадағы жұмысын одан ары ынталандырып, үйірменің толыққанды мүшесі болуға жетеледі. Бұл техникаға ауысуының себебі, майлы бояудан қарағанда акварель қас- қағым сәтте өзгеріп тұратын теңіз беті мотивтерін жылдам қағаз бетіне түсіре алуына жеңіл болды.

1900 жылы Л.Ф. Лагорио Өнер академиясының құрметті мүшесі болып сайланды, бұл орыс кескіндемесіне лайықты үлес қосудың белгісі еді.
Өнер мәңгілік. Осы бір ерекше жаратылған жасампаз әлемде Лев Феликсович Лагорио айналасына нұрын шашып мағыналы ғұмыр кешті. Артына өрнекті із қалдырған біртуар тұлғаға айналды.

«Ағарту және маркетинг бөлімі жұмысының» қызметкері Муратбекова А.Б.