Новости

   Келесі саяхатымызды Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің экспозициясы төрінен ерекше орын алған суретші Иван Иванович Шишкинге арнап отырмыз.

   XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс реалистік пейзажының негізін салушы, кескіндемеші, график Иван Иванович Шишкин (1832-1898). Көпес отбасында дүниеге келген. Ата-анасы отбасылық істі жалғастырады деп үміттенгенімен, жастайынан сурет өнеріне құштарлық тантқан Иван өз қалауын таңдайды. Кейін әкесінің қолдауымен Мәскеу көркем қоғамының Мәскеу кескіндеме, сәулет және мүсін училищесінде 1852–1856 жылдары К.И. Рабус пен А.Н. Мокрицкийлерден оқыды. Санкт-Петербургтегі Император көркем Академиясында 1856–1860 жылдары С.М. Воробьевтан білім алды. Көшпелі көркем көрме серіктестігінің мүшесі-құрылтайшысы. Император көркем Академиясының толық мүшесі (1893).

   Оның шығармашылығы орыс пейзажының эстетикалық ой-пікірін ұлғайтты, әрі орыс кескіндемесінде орман көрінісін бейнелеуді қалыптастырды. Ол табиғаттың сұлулығы мен кеңдігін көрсететін тынысы мол суреттердің авторы.

Шишкин үлкен құштарлықпен графика техникасында да жұмыс жасады. Оның графикалық парақтары кескіндеме шығармаларына дес бермейтін дара туындылар болып саналды. Әсіресе соус пен ақ бояу пайдалана, аралас техникасында жазылған жұмыстары ерекше бағаланды. Мұнда суретші нәзіктікті, көркемділікті және кескіндіні әр қырынан сипаттай білді.

   Музей экспозициясында суретшінің шеберлігінің даму сатысынан жеткілікті хабардар етерлік туындылары ұсынылған. Оның ішінде «Ормандағы қыс» атты туындысы. Тыныштық, қысқы күн. Орман аяз құрсаған ескі ағаштарының көлеңкесіне батуда. Құлаған көп жылдық ағаштар көз назарын алыстағы күн сәулелі алаңқайға тартады. Жерде жатқан қалың қар терең және борпылдақ болып көрінеді. Шишкин бұл композицияда өзіне тән тәсілді пайдалана, ағаштардың бас жағын қия бейнелеп, туындының көлемділігін көрсетті.

   Шығармада қатаң ойластырылған композиция мен бейненің толық орындалуы байқалады.

   Орындаған: Кіші ғылым қызметкер Абешова Ж.Ж.