Өнерді сен сүйдің бе? Оның сырын білдің бе? Қарап тұрып кей затқа, ұлы дүние көрдің бе? Әр нәрсенің бастауы бір ұшқыннан туындар. Себеп-салдар көп жерде жұлдызға да жол ашар. Кездейсоқ кездесудің өзі өмір бағытын өзгертер. Бойыңа шабыт, жігеріңе рух беріп, ойыңа ой қосылар. Сондай айтулы сәттердің бірі бұл тұлғаның да қалыптасуында жаңа арна ашты.
Амандос Әтібекұлы Ақанаев, Қазақстан бейнелеу өнерінің даму белестерінде «бір кірпіш» болып қаланып, зор үлес қосқан қылқаламгерлердің бірі. 1948 жылдың қараша айында, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Белбұлақ ауылында дүние есігін ашқан. Тумасынан өн бойына өнер дарыған. Анасы қолөнер шеберлігімен айналысса, нағашы жақтан үлкен аталары да осындай үрдіспен шұғылданған. Қазақ жеріндегі ұжымдастыру саясаты кезеңдерінде әкесі қуғынға ұшырап, көп қиын уақыттарды бастарынан өткерген. Соғыстан кейінгі дүниенің жоқ болып тұрған заманына қарамастан, кішкентай Амандос қоршаған орта табиғатынан әсемдікті байқап, әр нәрсеге қызығушылық танытты. Әкесіне тартқан бала солақай болып жазу-сызуды үйренсе, бүгінгі күні сол қолынан ғажап картиналар туындауда. Дегенмен, бала кездегі ең басты арманы «теңізші» болу еді. Жасөспірім шағында «Әскери-теңіз флотында» қызмет етемін деген ойы жүзеге аспай қалып, кезекті сүйікті ісін мақсат қылып, 1968 жылдары Алматы көркем сурет училищесінде білім алады. Талантты студентті байқаған орда ұстаздары, Ақанаевты әрі қарай мұғалім ретінде осы оқу орнында қалдырады. 1974-1978 жылдарда Мәскеу қаласындағы КСРО көркемсурет академиясында тәжірибе жинақтаудан өтеді. 1982-1985 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының кескіндеме секциясын, ал 1985-1987 жылдары көркем-сурет қорын басқарушы болады. Ерен еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі, халықаралық сыншылар мен өнер тарихшылары ұйымының толық мүшесі (1986). Қазақстан көркемөнер Академиясының Академигі (2006). ҚР әдебиет және өнер саласы бойынша мемлекеттік премия иегері (2010). КСРО көркемөнер Академиясының стипендиаты. КСРО суретшілер одағының бірнеше грамоталары мен «Құрмет» орденінің иегері және т.б.
Шығармашылық толқынның бастапқы тербелісінде білікті маман үнемі жан-жақты ізденіс үстінде болады. Туындыларында реалистік образдарды сомдап, Батыс өнерін зерттеумен нұрланады. Ішіндегі өнер деп жанып тұрған қуат көзін барынша жұмсайды. «Суретші деген өнермен өмір сүру керек» деп есептеген кескіндемеші әрбір сәтін бояулар әлемінде өткізуге тырысады. Тау-тасына жан беріп, өсімдіктерді түрлендіре салған картиналарының да өз көрермендері болады. Сонау 70-ші жылдары шеберханасында белгілі Қазақстан қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесу сәті, суретші туындыларына қызығушылар санын көбейтеді. Бұл мақтаулы да маңызды оқиғалардың біріне айналып, жылжымалы ізденіс уақытында тұрған қазақ бейнелеу өнері тарихының портрет жанрында жемісті жұмыстар жазуға түрткі болады. Халқына жанашыр ақынның образынан заманауи батырдың қайсарлығын ашып көрсеткен, қайталанбас танымал триптих те өнер сүйер қауыммен зор бағаланады. Кейіннен ертеңгі ұрпаққа естелік ретінде, мұралыққа жетсін деген мақсатымен өз еліміздің ғана емес, басқа да мемлекеттердің танымал тұлғаларының серия портреттерін де жаза бастайды. Қазақ эпостарына арналған иллюстрациялардың асыл беттерін сомдаған график Евгений Сидоркиннің, «Амандос неге сен үнемі Батысқа қарайлай бересің? Өз түп тамырыңның тарихына мән берсеңші» деген бір екі сөзі-ақ екен, қаламгер картиналары ғажайып өзгерістерге ене бастайды. Ұлы дала аңызы, Теңгір әлемі, ұлт тамыры, салт-дәстүріміз кескіндемеші шығармашылығында жаңа тақырыптар ғана емес, жазу мәнерінде де жаңа техникаларды ашады. Бұл 90-шы жылдардағы қазақ даласында археологиялық қазба жұмыстарынан табылған қорғандардың жәдігерлерінен алған әсері. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойына жер қойнауында жасырынған құпияға толы әлемі. Соның барлығы жүрегін жарып шығып, тамаша туындыларды өмірге әкеледі. Бәлкім, мына «Тасжарған» деген картина шебердің сол өзгерісін сипаттағандай. Қабаттасқан бояу бедерлерімен өсімдіктің күш-қуатын, экспрессиясын көрсетеді. Сондай шарықты ойлармен бояулардың алтын, күміс түстерінің тазалығын жеткізу мақсатында аралас техникасы да пайда болады. Парақ беттеріне бояудан басқа материалдарын да жабыстырып, бедерлі өнерін туындатқызады. «Ағаш пен өзен», «Т.Көкев операция жасау кезінде», «Үлкейтілген фотография», «Буырқанған дүние», «Мәңгілік туралы жыр», «1730 жыл», «Тотықұс», «Ә.Қастеевтің портреті» және т.б. туындылары дүниеге келеді. Қазіргі күнге дейін елімізде ғана емес, Ресей, АҚШ, Испания мемлекеттірінде көрмелері өтті. Ақанаевтар династиясы құрылып, Ботагөз, Руслан, Александр, Аспарух, Рада, Мұхит-Мырза-Али Ақанаевтар сынды дарынды суретші-ұрпақтар өз өнерлерімен елге танылып отыр. «Ата көрген — оқ жонар, ана — көрген тон пішер» деген осы шығар. Алдағы уақытта қылқалам шеберінің әлі талай қарындашы ұшталып, көрермен көзайымына айнала берері сөзсіз!