Новости

«Жамбыл қазақ халқы сияқты өте бақытты адам.

Жамбыл қазақ халқының даңқын әлемге жайды.

Жамбыл – қазақ халқының мақтанышы, Ұлы Жамбыл

сықылды ақыны бар халық – шын бақытты халық!»

Фаиз Ахмат Фаиз. 

Ұлы Отан соғысы  халқымыздың сезiмi мен санасында терең із қалдырды және ол көптеген суретшiлердiң шығармаларында шебер бейнеленді. Жыл сайын,  музейлерде Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагер-суретшілерлерінің шығармаларынан көрмелер ұйымдастырылады. Одан қазіргі жас ұрпақ, күнбе-күн көркем және деректі фильмдерден, фотосуреттерден, кітаптар мен документтерден көріп жүрген, тарихқа айналып кеткеп шындықты байқайды. Майдангер-суретшілердiң шығармалары да құжат, нағыз шындыктың aйнасы, куәгерлердiң көзбен көргені, көңiлге тоқығаны. Олар жүректің тереңінен шыққан, есте қалған, қағазға түсірілген сурет нышандары, күнделік негiзіндe салынған.

Қазақстанда майдангер-суретшілердің алғашқы көрмесі 1970 жылдың  мамыр айында Ұлы Жеңiстiң 25 жылдық мерекесі қарсаңында ашылды. Міне осы жолмен біздің музейіміз де жүріп келеді. Жыл сайын Жеңіске  арналған көрмеде осы тақырыпта  кескіндеме, мүсін жане графикалық шығармалар қойылады. Соғыс-өткен тарихты ғана емес, бүгiнгiмiздi жете түсінуге баулиды. Сондықтан да, майдангер суретшілер үшiн Жеңіс күніне арналған әрбір көрме адамгершілік және азаматтық парыздың өтемі секілді.

Майдан ардагерлері шығармаларында тек соғысты бейнелеп қана қоймады. Суретшілер  сол заманның тау шыңындай асқақ ұлы тұлғалар бейнелерін келер ұрпаққа жазып қалдырып кетті. Бұл бейнелермен біз қазіргі күнде мақтанамыз!

Сондай бір танымал тұлғалардың бірі қазақтың дүлділ ақыны Жамбыл Жабаев. Жамбыл ұзақ өмір сүрді. Өзiнiң бiр өлеңiнде суреттегеніндей ол 1846 жылдың ақпан айында «қаралы заман, жұт жылы» дүниеге келіп, өзiнiң жүз жасқа толған мерекелі күнiне жеті-ақ ай қалғанда дүниеден қайтты. Атақты Сүйінбай ақынның шәкірті он алты жасынан-ақ ел алдына шығып, өлеңiмен халықты сүйсіндіріп жүрді. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Жамбыл шығармашылығы қазақ даласына кең танымал болды. Төрт патшаның дәуірін басынан өткізген ол социалистiк кұрылысты шабыттана жырлады. Оның жаңалыққа жаны кұштарлығы зерек зерделiлiгi, майталман шешендігі, сан айтыстарда шыңдалған тәжірибесі халық өмiрiнде болып жатқан iрiлi-ұсақты оқиғаларға уытты жырымен дер кезiнде үн қосып отыруына мол септігін тигiздi. Оның жырлары өзге тілдерге аударылып, ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне кең таныла бастады. Соның артынша шетелдерге де тарап жатты. Елiмiз қарт ақынның еңбегiн лайықты бағалап мемлекеттік қайраткер дәрежесіне дейін көтерді. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң депутаты болып сайланды. Үкiметiмiздiң жоғары наградаларын алды. Ленин, Еңбек, Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Халыққа кеңінен танымал жырлары үшiн 1941 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Кең-байтақ Отанымыздың үлкен бір өсу дәуірі Жамбыл есімімен тығыз байланысты.

Ақын туралы деректі салынған суреттер оның өмiрiнiң тек соңғы он жылына ғана қатысты. Тарих үшін Жамбылдың өзiн көзімен көріп отырып, бейнесін жасаумен  айналысқан суретшілердің еңбегі айрықша. Ақын тақырыбына қылқалам тартқан шеберлердің бірі Баранов Константин Яковлевич. Суретші Жамбылдың литографиялық портретін жасап, кейіпкерінің төңiрегiне ақын жырының мазмұнына сай келетін бірнеше оқиғалы керiнiстер салған. Портретте  кейіпкердің салмақты кейпін, тұлғасының сымбаттылығын, ойлы қалпын баса бейнелеуге көңіл аударған. Ақын бейнесінен даналықтың, мейірім мен табандылықтың нышандары бой көрсетеді. Мұнда  өз поэзиясының құдіретін жете сезінетін, адамзаттың өмірі үшін өнердің қандай құдіреті барын тереңнен байыптайтын қоғам қайраткерінің бейнесі бар. Баранов тек ақ пен  қара түстерді қолдана отырса да, қараның әр қилы градациясы мен байлылығын ашып көрсеткен. Жамбыл бейнесі монументалді көрсетілген. Суретке қарағанда Жамбылдың шапанының қалыңдығы мен басындағы бөрігінің жүнінің фактурасы, адамның терісі мен ордендердің металы, домбыраның ағашын сезіне аламыз. Гравюраның  артқы бөлігінде негізгі кейіпкердің өмір жолымен тығыз байланысты оқиғалар бейнеленген. Олар ақынның образын ашуға септігін тигізеді. Жамбылдың өлең жолдарында сан мәрте қайталап жырлаған туған өлкесінің кең байтақ жазық даласы, қатпарланған тау жоталары бейнеленген. Қазақтың ұлттық киіміндегі еңбекқор, жанашыр адамдарын байқаймыз.Оң қапталда орналасқан текеметтің бетіндегі ою- өрнек иірімдеріндей қазақтың басынан небір зұламат замандар өтті. Алдарына отар- отар қойларын салып айдап, жайсаң жатқан елдің  тыныштығын, зеңбіректер мен аспаннан оғын қарша боратқан жауыз жаудың ұшақтарының дауысы бұзады. Әр ауылдан майдан шебіне аттанып жатқан сансыз үлкенді-кішілі ер азаматтарды бірінің анасы, бірінің жан-жары жүректері қан жылап шығарып салуда. Киіз үйдің алдында ауылдың шал-шауқандары, әйел қауымы мен сәбилер қала берді. Ер жүрек ерлер намысты тақымға қысып, арқаларына қару асынып соғысқа аттана берді. Ал қан төгіс майданның ортасындағы жауынгерлерді жеңіске бір табан жақындатып, бойларына рух пен күш жігер дарытқан Жамбыл бабаның  жігерлі жырлары еді. 1941 жылы 7 шілде күнi фашистік Германияның Совет Одағына тұтқиылдан опасыздықпен шабуыл жасағанына екі апта өткенде «Правда» газетiнiң бетiнде Жамбылдың ыза мен кекке, жауға деген ешпенділікке толы өлеңi жарияланды. «Жыр алыбы, Жамбыл ата! Бiз қазақ, орыс халқының ұлдары майдан окоптарында фашистерді біржолата тас-талқан етіп жеңуге дайындалудамыз. Бізге өзiңiздiң қуатты жырларыңызды жолдаңыз. Сiздiң өлеңдерiңiз бiзге әрқашан рух береді!»- деп жазды ақынға солдат Дүйсебай Сейітов пен офицер Борис Caxapoв. Ақынның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы поэтикалық творчествосының шыңы десе болғандай. Көптеген данамен плакат етiп бастырып шығарып, қоршаудағы қаланың кез келген жерiне iлiп қойылған бұл өлең Ленинград тұрғындарына ақынның жүрек сәлемiн жеткiзiп, демеу берiп тұрғандай еді.

Біздің музей қорымызда сақталған, 1973 жылы салынған «Жамбыл» атты литографияның авторы жайлы  бірер сөз қозғасақ… Баранов Константин Яковлевич 1910 жылы Горький облысының  Большое  Козино селосында туған.  Ол 1928- 1930 жылдары Иркутскінің көркемсурет шеберханасында оқыған. 1931 жылы Новосібірге қоныс аударған. 1939-жылдың шілде айында  қызыл Армия қатарына шақырылады. Халхинголдағы ұрысқа қатысып, жарақаттанады. 1941 жылы суретші қайта қару асынады. Старая Русса маңында жарақаттанады, соғысты Австрия жерінде аяқтайды. Әскерден  1946 жылы босап, Алматыға оралады. 1947 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі peтiнде көптеген плакаттар, кітап иллюстрациялары мен суреттерін жасайды. Оның шығармалары өте ұқыпты, шебер орындалған, образдың жүйесi тереңнен бастау алады. Ол өзінің шығармашылығында өмiр құбылыстарының философиялық мазмұнын ашуға тырысады. К. Я. Баранов СССР Суретшілер одағының мүшелігіне 1947 жылы қабылданған. Ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «Москва қорғанысы үшін», «Праганы азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін»,  «Даңқты еңбегі үшін медальдарымен марапатталған. Суретші Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Отан үшін от кешкен жүректері жалынға толы, қолдарына қарумен қатар қылқаламдарын қоса сүйрей жүрген майдангер суретшілердің ерлігі екі есе. Олардың аяулы есiмдері ұрпақтар жадында мәңгі сақталуға тиіс. Өмірі аңызға айналған ақынның, дүлдүл жыршының образы суретшілер мен  мүсіншілердің , жазушылар мен композиторлардың назарын өзіне бұрын да аударып келген, әлі де талай аудара берері сөзсіз.
Түрлі заманды бастарынан өткере жүріп, артына қалдырған мәдени мол мұралары үшін осындай зор тұлғалардың халқына жасаған еңбектеріне басымызды иіп, алғысымызды айтамыз!

Дайындаған: музей қызметкері Муратбекова А.Б.