Новости

   Өткен жылы Шығыс Қазақстанның мәдени қоғамдастығы бүкіл әлемге танымал,  артынан орасан зор байлық- өнер туындыларын қалдырған, бірнеше ұрпаққа білім берген, кескіндемеші, график, монументалист, Шығыс Қазақстанның  сурет мектебінің хас шебері, ҚСРО Суретшілер Одағының мүшесі Леонид Евтихиевич Агейкиннің мерейтойын тойлады.

   Леонид Агейкин 1935 жылы 18 шілдеде Украина ССР-і (қазір Украина Республикасы) Донецк облысы Константиновка қаласында дүниеге келген. Ворошиловград көркемсурет училищесін қызыл дипломмен бітірген. Харьков көркем-өнеркәсіп институтын аяқтағанда жазған «Үйлену» атты дипломдық жұмысы үздік жұмыстардың қатарында Мәскеу қаласында өткен   Бүкілодақтық көрмеде ұсынылған.

   1967 жылы білімді жас суретші Қазақстанға, Өскемен қаласына арнайы шақыртумен келіп Құрылыс-жол институтының сәулет факультетінде кескіндеме және сызу бөлімінің аға оқытушысы, 1972 жылдан көркемөнер-өндірістік шеберханасында суретші болып жұмыс атқарды. Онымен қатар Суретшілер Одағын және қалалық көркемөнерпаздар студиясын да басқарды.

   Осылайша  Украинаның Константиновка кеншілер қалашығынан шыққан жас суретші тәжірибелі шеберге айналды. Ол керемет құштарлықпен және  құмарлықпен жұмыс жасап айналасына пікірлестерді жинады. Мейірімді мінезімен, ашық әзілімен өз ортасында сыйлы болды. Леонид Евтихиевич Агейкин осындай өткір эмоционалды толқында  15 жыл өмір сүрді. Осы уақыт ішінде  2000-нан астам көркем туынды жазды. 40-тан астам қалалық, облыстық, республикалық, 5 бүкілодақтық көрмеге белсенді қатысты.

   Ең алдымен, Леонид Агейкин жайлы тәжірибелі монументалист деп айтуға болады. Ол Шығыс Қазақстанның әсем ғимараттарын безендіруде үлкен үлес қосты. Біз оның «Қазақстан» кинотеатрында, құрылысшылар мәдениет Үйінде, «Рассвет» фабрикасында, пионер лагерьлерінде жасаған қайталанбас еңбектеріне куә болдық. Оларда суретші бейнені, романтикалық және символикалық тұрғыдан алғанда, жалпы көрерменге жарқын тарихи оқиғалар, сұлулық, қайсарлық, батылдық және халқымыздың жоғары рухани дәстүрі жайлы сурет тілінде баяндады. Шебер,  осындай туындыларын бойын шабыт кернеген кезде бір демде орындаған екен.

   Леонид Евтихиевич шығармаларын ынта-ықыласпен жазғаны соншалық  көптеген эскиздерін аяқталған жұмыс ретінде қабылдауға болады. Көбінесе бейненің пішінін нақтылауда, көлемін ашуда көмірді қолданды. Бұл әсіресе суретшінің портреттерінен айқын көріс тапты. Автор туындыларының кейіпкерлері қарапайым кеншілер, марал өсірушілер, бақташылар, болат балқытушылар, балықшылар т.б. Ерекше сезіммен туыстарын, достарын, әріптестерін бейнеледі.

   1982 жылдың қазан айында болған қайғылы жағдай Леонид Евтихиевич Агейкиннің өмірін қиды. Бірақ, нағыз шебердің еңбегі шығармаларында мәңгі жалғасуда.  Шығармашылық мұрасы бүгінде зерттеліп, көрермен назарына ұсынылып насихатталуда.

   Леонид Евтихиевич Агейкиннің туындылары Ресей, Украина, Қазақстандағы жеке жинақтарда, А. Қастеев  атындағы өнер музейі,  Шығыс Қазақстан өнер музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, т.б.   музейлер қорында лайықты орын алуда.

   Соның ішінде Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қорынадағы Леонид Агейкиннің үш туындысы оның жұбайы Мария Владимировна Агейкинаның жеке мұрағатынан алынды. Олар  «Қайыңды тоғай», «Зайсандағы балық аулау», «Ертіс аралдары».

   «Ертіс аралдары» туындысында суретші  сұрлана түнерген күнді  бейнелеген. Көз шалысы ілесе алмайтын ағымы қатты Ертіс өзенінің ортасында орналасқан аралдарға ерекше мән берген.  Көпіршік атқан Ертістің асау толқындары шағын аралды қапсыра құшақтап алғандай. Алыстағы көкжиекке көз жүгіртсең аспанмен астасқан таулар жолағы қиялыңды жалғап әкете береді.   Суретшінің әрдайым  пайдаланатын түрлі-түсті қанық бояулары суық желдің лебіне теңселген ағаштар бейнесінен айрықша көрініс тапқан. Шығарманың колористік гаммасы суық түстермен бейнеленген. Кескіндеме пастозды, жалпақ мазоктармен еркін қозғалыста жазылған.

   «Қайыңды тоғай» жұмысы импрессионистік тұрғыда жазылған. Суретшінің өзін таң қалдырған табиғат сәтінен алған әсері арқау болуы мүмкін.

   Көктем таңы. Алысқа созылған жалғыз аяқ жолды жағалап өскен бұйра қайыңдар аспанға созыла бой түзеген.Тек алыста ғана мөлдір әуе кеңістігі бейнеленген. Көгілдір сұр бояу салқындық пен сергектікті білдіреді. Қылқалам мен мастихинді қатар пайдалана және бояу беткі қабыршығын тырнау әдісін пайдалану арқылы суретші қозғалысты, нәзіктікті жеткізуге тырысқан. Алғашқы жасыл желектер пайда болып, қайыңның бүрінің бүршік жарғанын, құстардың бұтаққа қонып  шырылдап тіпті қайың діңдерінен шырыны ағатыны естілетіндей сезіледі.

   Бейнелеу өнерінің барлық бағыттары мен техникаларын жан-жақты меңгерген талант иесінің жұмыстарын көре отырып, оның Шығыс Қазақстан өңірінің табиғатын, адамдарын шын сүйіп өзінің шығармаларын арнағанын көреміз.

Орындаған Абешова Ж.Ж.